Бапкер Әділ Әлжікеев: Спорт — жасөспірімді ішімдік, құмар ойыны секілді жат қылықтан қорғайтын қалқан
Бүгінде жасөспірімдер арасындағы ішімдік, электронды темекі (вейп) және құмар ойындардың алдын алу — қоғамның басты міндеті. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оны дұрыс жолға бағыттауда спорттың маңызы зор. Астана қаласы әкімдігіне қарасты №3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәжірибелі маманы Әділ Әлжікеев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында спорт бала алдына нақты мақсат қоятынын атап өтті. Белгілі бір дәрежеге жетіп, биік шыңдарды бағындыру үшін ол күндіз-түні тынбай еңбек етеді.
Әділ Ілиясұлы грек-рим күресінен Астана қаласының жасөспірімдер мен жастар құрамасының аға бапкері. Көптеген жыл бойы бозкілемде шәкірт тәрбиелеп, елордалық жас спортшыларды халықаралық және республикалық жарыстарға дайындап келеді.
- Әділ Ілиясұлы спортпен айналысу жасөспірімдер арасында алкогольдік ішімдік ішудің және басқа да зиянды әдеттердің алдын алуда қандай маңызға ие?
- Спортпен шұғылданатын бала алдына нақты мақсат қояды. Белгілі бір дәрежеге жетіп, биік шыңдарды бағындыру үшін ол күндіз-түні тынбай еңбек етеді. Ондай балада бос уақыт мүлдем болмайды. Спорттың ең үлкен маңызы да осында – ол баланың бос уақытын дұрыс әрі тиімді пайдалануды үйретеді.
- Қазір жасөспірімдер арасында вейп пен құмар ойындар белең алып келеді. Спорт залындағы орта баланы бұл психологиялық тәуелділіктерден қалай арашалайды?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, спортпен шындап айналысқан балада мұндай теріс әрекеттерге баруға уақыт та, құлық та болмайды. Ол тек жеңіске жетуді ойлайды, сол мақсатта спорт залынан шықпай жаттығады. Оның санасын вейп немесе құмар ойын емес, тек жеңіске деген талпыныс билейді.
- Спорт мектебіне тән қатал тәртіп пен жаттығу режимі баланың көшедегі мінез-құлқына және достарды дұрыс таңдауына қалай әсер етеді?
- Кәдімгі мектептегі дене шынықтыру сабағы мен арнайы спорт мектебіндегі жаттығудың айырмашылығы жер мен көктей. Бұл – екі түрлі деңгей. Спортпен кәсіби айналысқан адам қоғамдағы кері құбылыстарға тез төтеп бере алады, бағытынан таймайды. Нағыз спортшының басқа, жаман жолға түсіп кетуі оңай емес. Тынбай жаттыққан баланың тәрбиесі де, мінезі де ерекше қалыптасады.
- Жасөспірім кезінде бала күйзеліске бейім тұрады, оған көмек бергісі келгендерге қарсы агрессия да пайда болуы мүмкін. Спорт іштегі осы теріс энергияны дұрыс арнаға бұруға қалай көмектеседі?
- Тынбай жаттығу жасаған балада бос уақыт мүлдем болмайды. Спортшының тәрбиесі ерекше. Спорт баланың ішкі күйзелісі мен агрессиясын үлкен жетістікке, нәтижеге айналдыруға көмектеседі.
- Нағыз спорттық режим (тұрақты ұйқы, тамақтану, жаттығу) жасөспірімге қандай пайдасы бар?
- Спортта темірдей тәртіп пен режим бар. Тұрақты режим ұстамаған спортшы спортта да, өмірде де алысқа бармайды. Әрине, бәрі адамның жеке жігеріне, алған тәрбиесіне және айналасындағыларға тікелей байланысты.
- Сіздің бапкерлік тәжірибеңізде жаман әдеттерге бой алдыра бастаған, бірақ спорттың арқасында дұрыс жолға түскен балалар болды ма?
- Көптеген ата-аналар баласын алғашқыда спорт залға тек өзін қорғау үшін немесе өз ортасында көшбасшы болуы үшін әкеледі. Бұл – заңдылық. Бірақ уақыт өте келе, кәсіби спортқа бет бұрған кезде баланың санасы түбегейлі өзгереді. Себебі әр кезеңнен тұратын аса күрделі, бірақ өте қызықты жаттығулар мен жарыстарда жеңіске жеткен сайын баланың дүниетанымы кеңейіп, ойы өседі.
- Бапкер – бала үшін тек жаттықтырушы емес, екінші тәрбиеші іспетті. Шәкірттеріңізбен тек спорт қана емес, өмірлік құндылықтар мен зиянды әдеттердің зардабы туралы сырласып тұрасыз ба?
- Шындығын айту керек, бапкер қанша жерден тырысса да, балаға ата-анасы сияқты тәрбие бере алмайды. Алайда ортада беделі бар, абыройлы жаттықтырушының сөзі бала үшін заң, оның айтқаны ешқашан жерде қалмайды. Бала тәрбиесінің дұрыс қалыптасуы ата-анаға тікелей байланысты. Біздің қазақтың салт-дәстүрі, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу сияқты ата-бабамыздан қалған қазақы тәрбиенің орны бөлек және ол әр балаға ауадай қажет.
- Баласының жат қылықтарға әуес болып бара жатқанын сезген немесе оның алдын алғысы келетін ата-аналарға бапкер ретінде қандай басты кеңес берер едіңіз?
- Менің басты кеңесім — бірлікте жұмыс істеу. Ата-ана, бапкер және бала — осы үшеуі өзара тығыз байланыста болуы керек. Егер осы байланыс үзілмесе, кез келген кедергіні жеңіп, жат құбылыстың алдын алуға болады. Тәрбие де дұрысталады, спорта да үлкен жеңістер келеді.
- Сұхбатыңыға рахмет!
Авторы: Розагүл Күнтуған