Астанада прокуратура қызметкерлері пробация есебінде тұрғандарға бейімделу шараларын түсіндірді
«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында Астана қаласының Есіл ауданының прокуратурасы қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамының қатысуымен Есіл ауданының пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізді , деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шаралар барысында есептегі тұлғалардың тұрмыс жағдайы, белгіленген шектеуді сақтауы, сондай-ақ сот жүктеген міндеттерді орындауы тексерілді.
Сотталғандарға құқықтары, жазаны өтеу тәртібі және әлеуметтік бейімделу мен қайта әлеуметтендіруге бағытталған шаралар түсіндірілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу қайталама құқық бұзушылықтың алдын алуға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Астана қаласының прокуратурасы қайталама қылмыстың алдын алу және азаматтарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы жұмысты жалғастырады.