Астанада Леонардо да Винчиге арналған халықаралық көрме өтіп жатыр
Астана тұрғындары мен қала қонақтары әйгілі суретші Леонардо да Винчидің шығармашылығына арналған Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance халықаралық көрмесін тамашалай алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әлеуметтік желіде Астананың көрікті жерлерін аралап жүрген Мона Лиза бейнеленген ерекше видео тарады. Осы креатив арқылы тұрғындар мен қала қонақтары Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance халықаралық көрмесіне шақырылады.

Көрмеде Леонардо да Винчидің түпнұсқа сызбалары негізінде жасалған аңызға айналған өнертабыстардың макеттері, әлемге әйгілі туындыларының көшірмелері, интерактивті экспозициялар мен заманауи мультимедиялық инсталляциялар ұсынылған.
Экспозиция келушілерге өз дәуірінен бірнеше ғасыр алға озған ұлы ойшылдың ғылыми және шығармашылық мұрасын жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік береді.
Көрме Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатыр. Келушілерді күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды.