Астанада БАҚ өкілдері арасында шахмат турнирі өтті

20 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада БАҚ өкілдері арасында шахмат турнирі өтті
Фото: Думан Аманжол

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Астанада журналистер мен медиа саласы өкілдері арасында «QAZCONTENT OPEN 2026» шахмат турнирі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Зияткерлік жарысты «Qazcontent» АҚ Қазақстан шахмат федерациясы және Zhanykulov қорымен бірлесіп ұйымдастырды. Spaces коворкинг орталығында өткен турнирге теле, радио, баспасөз және интернет-басылым қызметкерлері, сондай-ақ блогерлер мен инфлюенсерлер қатысты.

«Qazcontent» АҚ Креативті контент дирекциясының басшысы Нұрлан Нұрыштың айтуынша, турнирдің мақсаты – медиа саласы өкілдері арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, бейресми ортада қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасау.

– Бұл – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында өтетін дәстүрлі жарыс.  Былтыр турнирге 40-қа жуық адам қатысса, биыл 50-ден астам қатысушы тіркелді. Бұл шараға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгін жеңімпазға 500 мың теңге, екінші орын иегеріне 300 мың теңге, ал үшінші орын алған қатысушыға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді, - деді Нұрлан Нұрыш.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом, бағалы сыйлықтармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.