Астанада бадминтоннан халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті
Елордадағы Beeline Arena-да бадминтоннан Astana International Challenge 2025 халықаралық турнирінің екінші жарыс күні жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласында алғаш рет өтіп жатқан жарыста 43 елден келген 200-ге жуық спортшылар бас қосып, жеке, жұптық және аралас жұптық бәсекелерде жүлде жиынтығын сарапқа салып жатыр.

«Мұндай деңгейдегі турнирдің Астанада өткізілуі Қазақстанның әлемдік бадминтонды дамытудағы рөлінің артып келе жатқанын айқындайды. Бүгінде бұл спорт түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Республиканың 16 өңірінде шамамен 12 мыңға жуық адам бадминтонмен жүйелі түрде айналысады», - деді Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин.
Жалпы жүлде қоры 17500 АҚШ долларын құрайтын айтулы жарыста Қазақстан намысын 26 отандасымыз қорғап жатыр. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қатысушысы Дмитрий Панарин де бар.

«Жалпы осындай деңгейдегі турнир бұған дейін Шымкент және Орал қаласында өткен. Енді елорда төрінде алғаш рет ұйымдастырып жатырмыз. Жарысымыз 5 күн болса да, дайындықты сонау маусым айында бастаған едік. Оның үстіне, Astana International Challenge турнирі әлемдік рейтингке тікелей ықпал ететіндіктен, Қазақстан жеріне әлемнің ең мықты спортшылары келді. Өз үйіміздің қабырғасында өтіп жатқандықтан, жүлдеден үміттенеміз», - деп ұйымдастыру алқасының мүшесі Елдос Өмірхан өз пікірін бөлісті.
Айта кетейік, халықаралық турнир 21 желтоқсан күні мәресіне жетеді.