Астанада Президенттің қатысуымен Алтын Орда тарихына арналған симпозиум өтіп жатыр

Астанада Президенттің қатысуымен Алтын Орда тарихына арналған симпозиум өтіп жатыр
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық  симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 
 
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

«Баршаңызға Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. 
Ең алдымен, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Менің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды.

Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек.

Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды», - деді Президент.