«Астана Опера» солисі әйгілі Үлкен театр сахнасында өнер көрсетті
«Астана Опера» театрының солисі Нұрсұлтан Ануарбек Ресейдің Үлкен театрының тарихи сахнасында Рихард Штраустың «Саломея» операсында дирижер Валерий Гергиевтің басқаруымен өнер көрсетті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әлемдегі жетекші опера сахналарының біріндегі бұл дебют әнші үшін кәсіби тұрғыдан маңызды белес әрі елеулі шығармашылық сынақ болды. Артист орындаған партия орындаушыдан асқан дәлдікті, мінсіз ырғақ сезімін, ансамбльдік үйлесімділік пен айқын драмалық әсерлілікті талап ететін ең күрделі партиялардың бірі саналады.
Аталған қойылым бұған дейін әйгілі «Метрополитен-опера» театрының қатысуымен сахналанған.
Спектакльді дайындауға белгілі шеберлер – режиссер Клаус Гут, сценограф Этьен Плюсс және костюмдер бойынша суретші Урсула Кудрна атсалысқан.
Үлкен театр сахнасындағы бұл өнер көрсету Нұрсұлтан Ануарбектің шығармашылық жолындағы маңызды кезеңнің заңды жалғасына айналды.
Бұған дейін ол байқаудың үш іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Ресейдің Үлкен театры жанындағы Жастар опера бағдарламасына қабылданған болатын. Бағдарлама аясындағы оқу биыл қараша айының соңында басталды.