Астанада Astana Media Week 2026 медиа апталығының екінші күні өтіп жатыр., деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шара аясында «Үздік баспасөз хатшысы» және «Үздік баспасөз қызметі» аталымдарының жеңімпаздары анықталып, мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметінде үздік нәтиже көрсеткен мамандар марапатталды. «Үздік баспасөз қызметі» аталымында Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі үздік деп танылды. Ал «Үздік баспасөз хатшысы» аталымының жүлдесі Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменоваға табысталды.
Сонымен қатар «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті. Талқылауға Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және «Власть» интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты.
Қатысушылар мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелерін, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты, баспасөз қызметтерінің жұмысын жетілдіру және қоғаммен тиімді байланыс орнату жолдарын талқылады.

«Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» атты пікірталаста шығармашылық индустрия, медиа және кино саласының өкілдері отандық контентті дамыту, оны бүгінгі аудиторияға кеңінен тарату мәселелерін қозғады.
Медиа апталық аясында жарнама саласының дамуына да айрықша мән берілді. «Жарнама медиа нарығының жаңа экономикасы» атты стратегиялық сессияда TikTok, Nur.kz, Orda FM, Sport+ Qazaqstan және K Research Central Asia зерттеу компаниясының өкілдері жарнама нарығындағы өзгерістерді, цифрлық платформалардың дамуын және медиаконтенттен табыс табудың жаңа жолдарын қарастырды.
Бағдарламаның тәжірибелік бөлімінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари «Деректер экономикасы: бизнес-аналитика басқару мен шешім қабылдауды қалай өзгертеді?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
Сондай-ақ «Вайбкодинг: медианың жаңа технологиялық сауаты» LIVE-зертханасы мен «Меншікті медианы дамытуға арналған Tik-Tok LIVE» шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар заманауи цифрлық құралдарды қолдану, технологиялық шешімдер әзірлеу және тікелей эфир платформалары арқылы медиажобаларды ілгерілету тәсілдерін меңгерді.