Ақтоты Райымқұлова: Жаңа Конституция – елдің тұрақты дамуының берік негізі
Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы Қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, өнертану ғылымының докторы Ақтоты Райымқұлова жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның дамуындағы маңызды тарихи кезең екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер ең алдымен әрбір азаматтың мүддесіне бағытталған.
«Жаңа Конституцияның күшіне енуі – Қазақстанның даму жолындағы аса маңызды тарихи кезеңдердің бірі деп есептеймін. Бұл өзгерістер мемлекеттің ғана емес, ең алдымен, әрбір азаматтың мүддесіне бағытталуда. Конституция заң үстемдігін нығайтып, әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға жаңа серпін беретіні сөзсіз», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар ол жаңа Конституция елдің тұрақты дамуының, қоғамдық келісім мен берік мемлекеттіліктің басты тірегіне айналатынына сенім білдірді.
«Бүгінде жаңа Конституциямыз елдің тұрақты дамуының, қоғамдық келісімнің және берік мемлекеттіліктің ең басты тірегіне айналатынына кәміл сенеміз. Оның қағидаттары Қазақстанның жаңаруына, ұлттық бірліктің нығаюына және болашаққа сеніммен қадам басуына берік негіз қалайды десек, артық айтқандық емес», – деді ол.