Алматыда заңсыз кортеж ұйымдастырған мектеп түлектерінің ата-аналары жауапқа тартылды
Алматыда соңғы қоңырау салтанаты қарсаңында мектеп түлектері ұйымдастырған автокортеж тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, алдын ала жасалған ескертулерге қарамастан, қала мектептерінің бірінің түлектері бірнеше көлікпен автокортеж ұйымдастырып, жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған.
Оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері шара қолданып, 21 кәмелетке толмаған қатысушының ата-анасын бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзғаны үшін бес әкімшілік хаттама толтырылған. Заң бұзушылыққа қатысы бар көліктер айып тұрағына қойылды.
Алматы қаласының полиция департаменті өкілдері қала тұрғындарына алдын ала ескерту жасалғанын, алайда кей азаматтардың заң талаптарын елемегенін мәлімдеді.
«Алматы полициясы автокортеждерге жол бермеу туралы алдын ала ескертулер берген болатын. Соған қарамастан кейбір азаматтар заңды ескермеді. Полиция әрбір осындай оқиғаны мұқият тексереді», – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының полиция департаменті мектеп түлектерін соңғы қоңырау кезінде автокортеж ұйымдастырудан бас тартуға шақырған еді.