Алматыда қылмыстық топтан Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару тәркіленді
8 мамыр күні Алматыда полиция қызметкерлері он адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында бұрын сотталған қылмыстық орта өкілдері де бар. Күдіктілер мегаполис аумағында жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деп күдікке ілінді.
«21 санкцияланған тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін едәуір көлемдегі қару-жарақ пен өзге де заттар тәркіленді.
Мысалы, күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен бірнеше атыс және травматикалық қару, оның ішінде шолақ мылтықтар мен оқ-дәрілері бар «Калашников» автоматы табылды. Аталған қару қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған.
Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқыққа қарсы әрекеттердің қосымша эпизодтарын және өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оның мәлімдеуінше, ведомство азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру негізгі бағыттың бірі болмақ.