Алматыда әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы туған күнімен құттықтады (ВИДЕО)

Бүгін, 17:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Алматыда әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы туған күнімен құттықтады (ВИДЕО)
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Алматы қаласында қазақтың әйгілі опера әншісі, ұстаз, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың үйінің ауласында әскери оркестр әуен төкті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматы қаласы Бостандық ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының әскери қызметшілері әйгілі әншіні Тәуелсіздік күнімен және 96 жасқа толған туған күнімен құттықтады. Олар өнер иесіне гүл шоқтары мен құттықтау хатын табыстап, көпжылдық шығармашылық еңбегі үшін алғыстарын білдірді.

Туған күні еліміздің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген Бибігүл Ахметқызы үйінің терезесінен концертті жылы жүзбен тамашалады. Әскери оркестрдің әуенін тек әншінің өзі мен жақындары ғана емес, көпқабатты үйдің тұрғындары да ерекше ықыласпен қабылдады. Танымал өнер иесі әскери қызметшілерді әрдайым ерекше қуанышпен, ыстық ықыласпен қарсы алады.

Көңіл-күйі көтеріңкі болған Бибігүл Ахметқызы әскери қызметшілер мен барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. 

«Әскери киімдегі жандарға деген құрметім ерекше. Қызметтеріңіз үшін және осындай әсерлі сыйлық үшін алғыс айтамын. Елімізге бейбітшілік, әрбір қазақстандыққа денсаулық, тыныштық пен ертеңгі күнге деген сенім тілеймін», - деді.

Еске салайық, бұдан бұрын Аида Балаеваның Бибігүл Төлегенова мен әуе компаниясы арасында болған жағдайға қатысты пікір білдіргені туралы хабарлаған едік.