Аида Балаева көші-қон саясатына енгізілген жаңа тәсілдерді түсіндірді

Аида Балаева көші-қон саясатына енгізілген жаңа тәсілдерді түсіндірді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Жарлығын жүзеге асыру аясында көші-қон саясатына енгізілген жаңа тәсілдерді түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қарапайым тілмен айтқанда, біз бұрынғы күрделі әрі шектеулерге толы жүйеден біртіндеп бас тартып, ашық әрі икемді модельге көшіп жатырмыз. Басты мақсат — отандық экономикаға қажетті, сұранысқа ие мамандар үшін ашық, болжамды және қолайлы көші-қон жүйесін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде олардың еркін келуіне, кәсіби әлеуетін толық іске асыруына және Қазақстан қоғамына толыққанды әрі жайлы бейімделуіне мүмкіндік береді», - деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, осы бағытта бірнеше нақты қадамға басымдық беріледі.

Бірінші негізгі бағыт: Көші-қон саласында сервистік мемлекетті қалыптастыру. Бұл мемлекеттік қызметтердің барынша қарапайым, ашық және қолжетімді болуын білдіреді. Іс жүзінде бұл «бір терезе» қағидатын кеңейту, негізгі процестерді толық цифрландыру және ведомствоаралық келісімдерді қысқарту арқылы жүзеге асады. Яғни, мәртебе рәсімдеу, жұмысқа рұқсат алу сияқты барлық рәсімдер бір тұтас жүйе арқылы, түрлі органдарға қайта-қайта жүгінбей, жүзеге асырылуы тиіс.

Екінші бағыт: Әкімшілік процестерді бюрократиядан арылтып, олардың тиімділігін арттыру. Өтініштерді қарау мерзімдері қысқартылып, рәсімдер оңтайландырылады, цифрлық бақылау құралдары енгізіледі. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін де, мемлекет үшін де уақыт пен ресурстарды азайтады.

Үшінші бағыт: Адами капиталды жоспарлы түрде тарту моделіне көшу. Осы ретте «Алтын виза» тетігі енгізіледі. Бұл құрал инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін тұрақты әрі болжамды жағдай қалыптастыруға бағытталған. Мысалы, өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жоба іске асыратын инвесторлар үшін елде ұзақ мерзімді тұрақты қызмет ету мүмкіндігі беріледі. Сол сияқты инженерия, IT немесе медицина саласындағы сұранысқа ие мамандар үшін де еңбек нарығына шығу жеңілдетіледі.

Төртінші маңызды бағыт: Еңбек нарығының икемділігін арттыру, оның ішінде кәсіби біліктілікті тану рәсімдерін жеңілдету. Бұл аспектілердің барлығында айтарлықтай сапа мен қауіпсіздік талаптары толық сақталады.

«Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл Қазақстанның инвестиция, технология және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі орнын күшейтуге бағытталған. Бұл білімге негізделген экономиканы дамыту және сапалы өсуді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Осылайша, көші-қон саясаты түбегейлі трансформациядан өтеді: әкімшілік сипаттағы құралдан экономикалық дамудың және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияның маңызды тетігіне айналады», - деді Аида Балаева.

Еске сала кетсек, биыл көші-қон заңнамасын бұзған мыңнан астам шетелдік анықталды.